Еңселі ел, естияр қоғам болудың басты шарты — болашағымызды, яғни балаларымызды жат қылықтардан сақтап, жақсылыққа баулу. Осы мақсатта «Ана Мектебі» қорының басшысы Баян Ахатаева «Оян» телебағдарламасының студиясында қонақта болып, бүгінгі қоғамның ең ауыр да өзекті мәселесі — есірткі тәуелділігі тақырыбын қозғады.
Астана қаласында өтіп жатқан есірткі құқықбұзушылығының алдын алу айлығы аясында ұйымдастырылған бұл шығарылымға Астана қ. ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының (ЕҚКБ) басшысы, погондағы қайсар ару Әлия Қибатқызы да қатысты.
«Бала көргенін істейді»Баян Ахатаева өз сөзінде бала тәрбиесіндегі үлкендердің жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Балалардың санасы таза парақ секілді, олар айналасындағы құбылыстарды, әсіресе ата-ананың әрекетін бірден қабылдайды. Сондықтан:
«Балалар көргенін ілуі үшін ересектердің ес жиып, етек жинауы әбден қажет», — дейді қор басшысы.
Күннен күнге тамырын тереңге жайып, өзегі өршіп тұрған бұл дерт — бүкіл қоғам болып «оянуды», бірлесе әрекет етуді талап етеді. Тәртіп сақшылары мен қоғам белсенділері дабыл қағып отырған бұл мәселеде ата-ананың қырағылығы бірінші орында тұруы тиіс.
Жаз мезгілі — ата-аналар үшін сыналатын кезең
Қазір балалардың бос уақыты көп жазғы демалыс кезеңі. Бұл уақытта жасөспірімдердің жат ағымдар мен қауіпті әдеттердің жетегінде кетпеуі маңызды. Баян Ахатаева барша ата-аналарды осы уақытты тиімді пайдалануға шақырды:
- Қырағылық таныту: Баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, оны бақылаудан шығармау;
- Сенімділік көпірін салу: Баланы жазғыра бермей, оның жанына үңіліп, ішкі сырын түсінуге тырысу;
- Сыйластық орнату: Өзара сенім мен құрметке негізделген қарым-қатынас қалыптастыру.
Құрметті ата-аналар! Балаңыздың ең жақын досы, сырласы әрі қорғаны болатын алтын кезеңді өткізіп алмаңыздар. Бала өміріне бейжай қарамай, қауіптің алдын алу — әрбір саналы азаматтың міндеті.