Астана қаласы әкімдігінің «Көлік және коммуникация жоғары колледжі» ШЖҚ МКК базасында «Ана мектебі» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған ақпараттық-профилактикалық кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің есірткі және психоактивты заттардың адам денсаулығына, психикасына және болашағына тигізетін зияны туралы білімін арттыру, есірткіге тәуелділіктің алдын алу, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстануға және қауіпті әрекеттерден саналы түрде бас тартуға ынталандыру.
Кездесу барысында мамандар есірткінің ағзаға әсері, тәуелділіктің салдары, заң алдындағы жауапкершілік және қысымға қарсы тұру дағдылары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, жастар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, өмірлік маңызды тақырыптар бойынша ашық пікір алмасты.